Top
a

«Білім беру мен тәрбиенің заманауи тұжырымдамасын жаңғыртудағы қосымша білім беру мекемесінің рөлі» тақырыбында қалалық семинар практикум өткізілді.

Нұр-Сұлтан қаласы №2 Өнер мектебінде Елбасы Н. Назарбаевтың мақаласындағы білім беру саласының өзектілігі мен маңыздылығы негізге ала отырып, қосымша білім беру ұйымдарының мұғалімдер арасындаәлеуметтік-серіктестік ынтымақтастығын  қалыптастыру негізінде «Білім беру мен тәрбиенің заманауи тұжырымдамасын жаңғыртудағы қосымша білім беру мекемесінің рөлі» тақырыбында қалалық семинар өтті.

           Семинарды  мектеп директоры Жангелді Гүлмира  Жангелдіқызы құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Семинар-практикум жұмысына жалпы білім беру мекемелерінің үйірме жетекшілері, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары және балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің мамандары, оқу-ісі жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлері, оқытушылар қатысты.

Семинар мақсаты – білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқытудың ерекшеліктері мен тиімділігін анықтау және жаңа форматтағы оқыту үрдісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасу.

Семинар-практикумның шеберлік сыныбын көрсетуде  алғашқы болып музыка бөлімінің «Эстрадалық вокал, дәстүрлі ән» сыныптарының жоғары дәрежелі ұстаздары Тұрымхан Қаскенова «Вокалдық ән орындаудың негізгі әдістемесі», ал дәстүрлі ән өнерінің шебері Зәуре Жакешова өз оқушыларынан құралған «Илигай» ансамблімен «Жаңа бағыттағы дәстүрлі ән мектебіндегі әдіс-тәсілдер» тақырыбында жаңа бағыттарды көрсетсе, №2 өнер мектебінің директоры  Ы.Алтынсарин, «Мәдениет саласының үздігі», «Адал тұлға» төсбелгілерінің  иегері Гүлмира Жангелдіқызы «Хор сабағындағы жаттығулардың рөлі» тақырыбында өзі жетекшілік ететін  Халықаралық, Республикалық конкурстардың лауреаты «Айналайын»  балалар хоры мен небір жаттығуларды көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Екінші күні музыка бөлімінің  аспаптық сыныптарының мұғалімдері сазсырнай аспабы пәнінің мұғалімі Мира Тастенова «Қазына» сазсырнайшылар ансамблімен «Саздан туған сазсырнай» тақырыбында, қобыз сыныбының мұғалімі Алтын Кенжегұлова «Қобыз аспабын сатылай үйрету тәсілдері» түріндегі шеберлік сабағымен бөлісті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Сахметова жетіген аспабы пәнінен  «Абай әндерін жетіген аспабы бойынша» орындау тақырыбында жоғары деңгейде шеберлік сыныбын өткізді. «Аспаптық музыка» бөлімінің ұстазы, Мәдениет саласының үздігі  Бақытжан Дүйсенғазиев «Қаршыға Ахмедьяровтың күйлеріндегі орындаушылық әдіс-тәсілдері» атты баяндама жасап, оқушылардың орындауында әртүрлі шығармаларды мысал етті.

Семинардың үшінші күнін «Көркемөнер» бөлімінің ұстаздары Руслан Шарипов, Руслан Қуанов, Қайрат Жәйірбек, Райхан Әлімғазина өз тәжірбиелерімен бөлісіп, киімді көркемдік үлгілеу мұғалімі Халиева Ильмира сырмалы құлыптан әртүрлі әшекей жасауды көрсетіп, сабақтың соның киімді көркемдік үлгілеу сыныбы оқушыларының өз қолдарымен тіккен сәнді көйлектерінің көрсетілімімен жалғасты.

Семинар-практикумның соңғы күнін «Театр өнері» бөлімі ұстаздары

Асылзат Қаленова, Айжан Шарипова, Айдар Ақыпбаев, Ұлан Қабыл актер шеберлігі элементтерін пайдалана отырып, баланың дене бітімінің дұрыс қалыптасуынан бастап, таза сөйлеу, актер шеберлігі, сахна тілі, сахна қозғалысы элементтерін қалай пайдалану керектігі жөнінде өздерінің білімдері мен практикалық  бағыттағы қолданып  жүрген әдіс-тәсілдері арқылы шеберліктерімен ой бөлісіп шеберлік сыныбын өткізді.

«Театр өнері» бөлімінің шеберлік сыныбы  «Өнерлі өрендер» балалар театры қазақ поэзиясының ақтаңгері Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығынан құрылған «МҰҚАҒАЛИ» атты фантазия-факт қойылымының  тұсаукесерімен  қортындыланды. Оқушылар актерлық шеберлікті жетік меңгерген кәсіби мамандардан кем емес өнер көрсетті. Ақынның ішкі күйзелісін, тебіренісін, жан айқайын өте сауатты жеткізді. Қойылым әдеттегі қойылымдардан өзгеше еркін, кеңістікте орындалды. Ешқандай музыкалық сүйемелдеусіз актерлар баян, домбыра, жетіген, сазсырнай аспабын өздері ойнап және сол уақыттағы көңіл пернесін дөп басатын әуен орындады. Қойылым  көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Жалпы семинардың әр күні әріптестерге, ата-аналарға мектебіміздің оқушыларының концерттік бағдарламасымен түйінделіп отырды.

Заман талабына сай жаңа бағытта сабақ беру, өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасуды мақсат еткен бұл семинар қатысушылардың үдесінен шықты. Себебі, оқыту процесінің нәтижелі және сапалы болуы оқытудың жаңа білім мазмұнының жүзеге асырылуына байланысты екені даусыз.        Семинар соңында «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК директоры Шер Раиса Петрованың атынан шеберлік сыныбын өткізген ұстаздарға Алғыс хат, қатысушыларға  40 сағат көлемінде сертификаттар табыс етілді.

Бану Тұрманова

№2 өнер мектебі директорының

 ғылыми-әдістемелік

жұмысы жөніндегі орынбасары