6-сынып.IV тоқсан, шетел хореографиясы пәні № 4 сабақ
6-сынып. IV тоқсан, шетел хореографиясы пәні
№ 4 сабақ
Тақырыбы: Романтизм ағымдағы Мария Тальони мен Жюль Жозеф Перроның қысқаша өмір баяны
Мария Тальони (1804—1884)
Италия балет артисі, романтизм дәуірі балет театрының көрнекті бишілерінің бірі. Өз әкесі, белгілі балетмейстер Ф.Тальониден оқыды. Өнер жолын 1822 жылы Венада бастады. 1827—-1835 жылдары Парижде қызмет етті. Шнейцгоффердің «Сильфида» балетінде Сильфида партиясын орындау арқылы дүниежүзілік даңққа ие болды. Тальони шығармашылығы балет өнерінің дамуына зор ықпал жасады. Мария Тальони тамаша тұрақтылығымен ерекшеленді, ұзак уақыт бойы аяғының ұшында тұратын және секіргенде сахна үстінде қалықтап, ауада ұшып жүргендей әсер қалдыратын. Ол, әсіресе пуанты билерін тартымды әрі таза билеу арқылы көзге түсті. 1847 жылы сахнадан мүлдем қол үзді. Мария Тальонидің өмірін, биінің жеңілдігін талай ақындар мен суретшілер дәріптеп, мадақтап кеткен.
Жюль Жозеф Перро (1810—1892) — француз балет артисі, балетмейстер. Романтикалық балет саласындағы аса көрнекті хореографтардың бірі. Классикалық би бойынша О.Вестристен сабақ алды. Өнер жолын 1830 жылы Лондоннан бастады. 1830—1835 жылдары Париж операсында биледі. Замандастары Перроны Мария Тальони өнерімен салыстырды. Бірақ атақты балерина бұл өнерде тек жалғыз болу үшін Жюль Перромен билеуден бас тартқандықтан, ол үшін Париж операсының есігі жабылады. 1834—1848 жылдары Лондондағы Корольдық театрда, ал 1848—1859 жылдары Ресейде, Петербургте қызмет етті. Перро орындаушылық қызметтен спектакльдер қоюға көшеді. Қойған негізгі балеттері: Ч.Пуньидің «Ундина», «Эсмералъда» (1843—1844) және «Катаринасы» (1846), тағы басқа. Әдеби шығармалардың мазмұнына терең бойлай отырып, Перро сахналық күшті, жарқын характерлер жасады. Мәселен, Жюль Перроның «Падекатр» атты миниатюрасы хореографияның тарихына енген болатын. Оның бірінші қойылымында атақты төрт биші — Мария Тальони, Карлотта Гризи, Фанни Черрито және Люсиль Гран биледі. Би нәзік те жеңіл қозғалыстар мен әдемі I қимылдарға негізделді. Әр бишінің өзінің ерекше биі болды. Бүгінде «Па-де-катрды» әлемнің ең үздік балериналары орындайды, әлі күнге дейін ол романтикалық хореографияның тамаша үлгісі болып табылады. Романтикалық балеттің шыңы — А.Аданның музыкасына қойылған Жюль Перроның «Жизель» спектаклі болды. «Жизель» — хореография мен балет драматургиясының, музыка мен би байланысының классикалық үлгісі.
Үй тапсырмасы: үйде қайталап оқу.