5-сынып. IV тоқсан.шетел хореографиясы пәні № 1 сабақ
5-сынып. IV тоқсан, шетел хореографиясы пәні
№ 1 сабақ
Тақырыбы:Ресей балет өнерінің қалыптасуы
Орыстың балет өнері XVIII ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан. Халықтың би қазынасы бірте-бірте игеріліп, өнегелі балет мектептерінің ыңғайымен жүйеге түсті. 1738 жылы Ресейдегі бірінші балет мектебі ашылды. Сарай малайларының 12 ұлы мен 12 қызы үш жылдан кейін Ресейдің бірінші кәсіби бишілері болып шықты. Басында олар гастрольмен жүрген балет шеберлерінің спектакльдерінде фигуранттар (кордебалет артистері) қызметін атқарды, ал кейінірек басты партияларды да орындады. Олардың арасындағы ерекшеленгендері — Аксинья Баскакова, Авдотья Тимофеева, Елизавета Зорина, Лфанасий Топорков, Андрей Нестеровтар болды. Оларды би өнеріне баулыған және аталмыш мектептің ашылуына себепкер болған француз елінен арнайы шақырылған талантты биші Жан Батист Ланде болды. Керемет биші Тимофей Бубликов (1748—1815) тек Петербургте ғана емес, сонымен қатар Венада да жұртшылыққа өнерін үлкен табыспен көрсетті.
Би окуын кәсіби түрде қолға алу Мәскеу университетінде 1756 жылдан, ал Тәрбиелік үйінде 1773 жылдан басталды. Тәрбиелік үйі жетім, тастанды балаларды 4 жастан қабылдап, би өнеріне үйретті. Алғашқыда 54 ұл мен қыз оқытса, бір жылдан кейін олардың саны 80-ге дейін жетті. Олар аптасына 4 рет 4 сағаттан бимен шұғылданып отырды. Бұл үй — Мәскеудің академиялық хореография училищесінің негізі болды. XIX ғасырдың бас кезінде, әсіресе балетмейстер Ш.Дидлоның тұсында, орыстың балет өнері едәуір табысқа жетті.
Балеттің қалыптасуы тек кәсіби сахналарда ғана емес, сонымен қатар крепостнойлық театрларда да жүзеге асты. Крепостнойлық театрға оқытушы мен балетмейстерлер қызметіне шетелдік хореографтар шақырылды, кейбіреулерінде негізгі педагогикалық жұмысты жергілікті балетмейстерлер мен крепостнойлардың ішінен шыққан оқытушылар атқарды. Крепостнойлық балетмейстерлер меп балет артистері XVIII ғасырдағы Батыс Еуропалык пантомимді драмалық балеттерін игере отырып, өзіндік орыс мәнерінде орындады, шетелдік сахналық биге орыс халық биінің элементтерін енгізді.
Крепостнойлық балет труппаларының ішіндегі ең танымалы граф Шереметевтердің труппасы болды. Ал бишілердің ішіндегі ең танымалы — Т.В.Шлыкова-Гранатова болды.
Үй тапсырмасы: тақырып бойынша мазмұндама жазу.