Top
a

2-сынып.Театр тарихы, 4-тоқсан бағдарламасы бойынша Сабақ № 1

Сабақ № 1

Тақырыбы:  Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылы 15 қарашада ашылды. Алғаш рет театр сахнасында Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқты» атты трагедиясы қойылды. Бұл қойылымды театрдың негізін қалаушы әрі дарынды режиссер Жақып Омаров сахналады.

Қаллеки театрының негізін қалаушылар, театр  репертуарындағы қойылымдар

Бүгінгі таңда көрермен көзайымына айналған киелі шаңыраққа 1991-1996 жылдары Жақып Омаров, 1996-1998 жылдары Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев, 1999-2009 жылдары кеңес одағының халық әртісі, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында режиссерлер — Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов пен Әлімбек Оразбеков қызмет етеді. Қазіргі директоры — Асхат Маемиров, көркемдік жетекшісі — режиссер, профессор Талғат Теменов. Актерлік құрамында— Қазақстанның халық әртістері — Гүлжан Аспетова, Тілектес Мейрамов, Қорлан Қалиламбекова; Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері — Рымкеш Омарханова, Нұрзада Ташимова, Жұмагүл Мейрамова, Жанат Чайкина бар.

2011 жылы 14 желтоқсанда өнер ордасына «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесі берілді. Театр репертуары классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңа қойылымдармен толығып келеді.

Театр өзінің ең бірінші жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында өткен түркі тілдес мемлекеттер арасында өткен халықаралық «Туғанлақ» театрлар фестивалінде алды. Мұнда Шахмет Құсайыновтың «Алдар көсе» музыкалық комедиясы лауреат атанған болатын.

Театр репертуарында Мұхтар Әуезовтің «Абай», Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн», «Аққудың көз жасы», «Қызыл орамалды шынарым», Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали», «Шәмші», Ұлықбек Есдәулеттің «Зере», Алексей Дударевтің «Кеш», Джон Патриктің «Қымбатты Памела», Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы», Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние», Альфонсо Вальехоның «Күн сәулесі түспеген», Антон Чеховтың «Шие», Қанат Жүнісовтің «Сәкен-Сұңқар», Рақымжан Отарбаевтың «Әміре», Жан-Мари Шевренің «Ізгілік формуласы», Уильям Шекспирдың «Отелло», Валенин Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар», Мұхтар Әуезов пен Қалихан Ысқақтың «Қараш-Қараш», Олжас Жанайдаровтың «Жұт», Антон Чеховтың «Шие», Роза Мұқанованың «Сарра», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек», Асахмат Айларовтың «Сүрінген сүрбойдақ», Кен Кизидің «7+1», Рэй Кунидің «Туған күн», Фурио Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі», Эркин Хушвақтовтың «Қызыл алма», Мар Байжиевтің «Тіл табысқандар» сынды қойылымдар бар. Сондай-ақ, балаларға арнап «Ер Төстік», Мария Машадудың «Күлше қыз» және Талғат Теменовтің «Ырылдақ күшік» сынды қойылымдарын театрда тамашалауға болады.

Тапсырма:Театр жүлделері, актерлік құрамы, актерлар мен актрисаларының марапаттары  туралы зерттеу
Театр парақшасы: @Kaztheatre

Театрдың ютуб парақшасынан:Kazteatr kz театр қойылымдарын қарап шық