Top
a

Музыкалық сауаттылық, хореография, 1-сынып. Сабақ № 1

Музыкалық сауаттылық, хореография, 1-сынып.

Сабақ № 1

Тақырыбы: Акцент. Метр. Өлшем. Тактылық  сызық. Затакт.

Музыкада дыбыстар уақыт аралығында ұйымдастырылған. Музыкада дыбыстардың уақыт жағынан бір-біріне тең үлестермен алмасуы бірқалыпты қозғалыс тудырады оны – пульсация деп атаймыз. Мұндай қозғалыста кейбір уақыт үлестерінің дыбыстары екпінмен белгіленіп, басқа дыбыстардан ерекшеленіп тұрады. Сол екпінді акцент дейді.

Акцент түсетін үлестерді әлді үлестер дейді.

Акценті жоқ үлестерді әлсіз үлестер дейді.

Әлді және әлсіз уақыт үлестерінің бірқалыпты алмасуын метр дейді.

Әлді уақыт үлестері бір немесе екі әлсіз үлестерден кейін алмасып отырады да, музыкада қайталанып отыратын метрикалық буындардың үздіксіз қозғалысын құрайды.

Уақыт үлестерінің метрикалық буынның аралығында бір әлді үлестен келесі әлді үлеске дейін алмасып отыруын – такт деп атаймыз.

Метр үлесі кез келген ұзақтықпен көрсетілуі мүмкін.

Метрдің белгілі нота ұзақтықтарымен көрсетілуі өлшем деп аталады.

Ноталық жазбада өлшемдер екі санмен белгіленеді. Олар кілттің қасында альтерация белгілерінен кейін бірінің астына бірі жазылады.

Жоғарғы сан берілген өлшемде метрикалық үлестердің санын, ал төменгі – метрдің үлесі қандай ұзақтықта болу керектігін көрсетеді.

Ноталық жазбада тактілер бір-бірінен, нота басқышына көлденең түсетін вертикальді сызықпен бөлінген. Мұндай сызықты такт сызығы дейді. Такт сызығы әлді үлестің алдына қойылады.

Музыканың әлсіз үлестен басталуын затакт ( такттің алды ) дейді. Затакт толық емес тактіні білдіреді. Затакт музыкалық шығарманың ортасында, кез келген бөлімнің алдында да болуы мүмкін. Затактіден басталған шығарма немесе бөлім көбінесе толық емес қорытынды тактімен бітеді. Затакт пен соңғы қорытынды такттің қосындысы толық такт құрайды да, музыкалық шығарманың құрылымын бұзбайды.

Тапсырма: берілген мәтін бойынша  конспект жаз